Қазақстанда исламдық қаржыландыру құралының дамуына не кедергі?

29552

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның банк секторындағы ислам қаржыландыруының үлесі 0,2%-дан аспайды

2024 жылдың ақпанында Қазақстанда ислам қаржыландыруына қатысты Заң қабылданғанына 15 жыл толады. Бұл салаға нормативтік-құқықтық база 2009 жылы әзірленсе де, қарыштап даму әлі күнге дейін байқала қойған жоқ.

Ресми деректерге жүгінсек, 2023 жылдың ІІІ тоқсанында Қазақстандағы банк секторының көлемі 46,6 трлн тенгені құрады, ал ислам банкингінің ауқымы 30 млрд теңге: негізгі екі банк Al Hilal Bank пен Заман банктерінің ауқымы осындай.  

Ислам экономикасы саласындағы белгілі сарапшы, профессор Ерлан Байдәулет, ислам қаржыландыруының ғаламдық нарығы 2023 жылы 1.8 трлн АҚШ долларын құрағанын алға тартады.

Ерлан Байдәулет, Ислам экономикасы саласындағы белгілі сарапшы, профессор
Ерлан Байдәулет, Ислам экономикасы саласындағы белгілі сарапшы, профессор
Фото: жеке архивтен

Ерлан Әлімжанұлы, ислам қаржыландыруы (ИҚ) саласын біраз жылдан бері зерттеп жүрген маман ретінде осы саланың қазіргі ахуалы туралы не айтасыз?

- Қазақстанда бұл сала 2009–2014 жылдар аралығында кәдімгідей өркендей бастаған-ды, дәл сол кезде парламент осы ИҚ саласына қатысты үш заң жобасын мақұлдады. Алғашқы Заң 2009 жылдың 12 ақпанында қабылданып, 2010 жылы Al Hilal Bank (БАӘ) біздің нарықта өз жұмысын бастады. Елімізде ИҚ дамуы үшін арнайы Жол Картасы даярланып, мекемеаралық жұмыс тобы құрылды, ал ҚДБ алғаш рет Сукук сертификаттары нарығын іске қосты. Сол кезде Ұлттық Банкте ислам қаржыландыруымен айналысатын арнайы басқарма да бар-тын. Заман Банктің ислам банкіне айналуы да сол кезеңге сай. Ислам қаржыландыруының салалық қауымдастығы АРИФ те белсенді еді. Сол тұста Ислам даму банкі мен ҚР үкіметі арасындағы серіктестікке сай белгілі бір қаржы көлемі бойынша келісімшартқа қол қойылып, соның аясында Мурабаха құралы бойынша ауыл шаруашылығы қожалықтарына қаржы бөлінді. Жалпы, ислам қаржы құралдарын ТМД аумағында енгізу бойынша ең алғашқы қадамдар сол жылдары жасалған еді.

Сіздіңше, бұл саланың толыққанды жұмыс істеуіне не кедергі болды, не жетіспеді?

- Ислам қаржыландыруына халық та, бизнес те қол жеткізсін десек, біз бірқатар қадамдарды ескеруіміз керек, атап айтсам:

а) жеке және заңды тұлғаларға арналған Иджара мен Истисна секілді құралдар үшін салық төлеуді оңтайландыру;

ә) екінші деңгейдегі банктерде (ЕДБ) және сақтандыру компанияларында арнайы «терезелер» ашу;

б) қысқа мерзімдік қаржыны басқару механизмдерін бекіту;

в) университеттердің арнайы факультеттерінде оқу курстарын ашу;

г) арнайы мекемелерде (тауар биржалары, микроқаржы ұйымдары, мемлекеттік корпорациялар), тренингтік және талдау орталықтарында техникалық инфрақұрылымды құру. Әрине, бұл салаға қаржы реттеушісінің оң көзқарасы да қажет.

Жалпы, бұл салада соңғы 10 жылда айтарлықтай өзгеріс болды ма?

- Керемет бір өзгеріс байқалды дей алмаймын. Дәл қазір елдегі ислам қаржыландыруы институттарының дамуы баяу. Оған себеп – капитализациясының төмендігі, акционерлерінің белсенді болмауы, бас акционерінің қолдауы болмағасын, бөлшек сауданы да азайтып жатыр. АХҚО-дан лицензия алған Аль Сакр банкі де акционерлері тарапынан қолдау болмаған соң және капиталдың жеткіліксіздігінен қиыншылықтарға тап болған. Меніңше, осы нарыққа қатысы бар барлық тараптың (үкімет, қаржы реттеушілері, АХҚО, Ислам даму банкі басқарушысының Қазақстандағы офисі, Аймақтық офисі) жалпы, осы сала экожүйесінің қазіргі мүшелері мен сыртқы бақылаушыларының басын қосып, пікірін жинап SWOT анализ жасау қажет – соңғы 10 жылды есепке ала отырып.

Осы арада туындайтын сұрақ: бәлкім, ИҚ үшін ТМД аса тартымды нарық емес шығар?

- Аймақ бойынша айтар болсам, Қырғызстаннан бөлек, ТМД аймағындағы қаржы реттеушілері бұл салаға аса қатты мойын бұрып отырған жоқ. Дегенмен, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресейде ауық-ауық жағымды жаңалықтар естіліп жатады. 2009 –2014 жылдары ТМД бойынша жүйелі жұмыс жақсы жүргізілді, өйткені атқарушы және заң шығарушы билік (парламент пен орталық банктер) бірлесіп жұмыс атқарды. Ресейдің арнайы федералдық төрт субъектісінде ИҚ қызметтерін енгізу бойынша эксперимент жасалынды, әрі ЕАБР мен ИБР арасында 2024 жылдың соңында Сукуктың алғашқы сертификаттары шығарылуы ықтимал.

Исламдық қаржыландырудың негізгі қатысушылары тарапынан Қазақстанға келуге ықылас бар ма? Оларға біздің нарықты ашуға не кедергі?

- 2013 жылы Al Baraka Group негізін қалаушы шейх Салех Камелмен кездесудің реті түсті. Ол сол кезде 1992–1993 жылдары біздің елге салынған ауқымды инвестициялары туралы айтқаны бар. Жалпы, бұл банк ең алғашқы шетел банкі ғана емес, өзге де салалардың инвесторы болды. Ислам инвесторларының ерекшелігі сол, олар өз бизнестерін әртараптандырып, қаржыларын негізгі секторға салады (ислам шектеу қоятын салалардан бөлек). Мораль-этика нормаларын негізге ала отырып, жеке секторға капитал салған өзге де инвесторлармен бірге пайданы да, шығынды да тең көреді. Консервативтік араб бизнесі өздері өрескел, артық деп танитын қимылдарды қабылдай алмайды.

2008–2009 жылдары ислам капиталы бар ABC, CIMB Islamic, Dubai Islamic Bank DIB шығынға ұшырады. ITFC (Ислам даму банкі тобының сауда-қаржылық корпорациясы) қазақстандық астық өндіруші компанияларға қаржы салып, соңында оны қайтара алмай, компаниялар дефолтқа ұшырады. Салынған инвестициялардың бірнеше рет қайтпауы бұл елдерден кейіннен инвестиция тартуға кедергі келтірді. Араб елдерінде ислам банкі бизнесі, негізінен, отбасылық бизнес, демек, қайтымсыз ауқымды инвестиция туралы бір отбасының кейінгі ұрпағы ешқашан ұмытпайды деген сөз, мұндай олқылықтың орнын керемет сәтті бизнес кейстер ғана толтыруы мүмкін.

Ислам бизнесі өкілдерімен кездескен сайын ұққаным, ислам құқығын ұстанатындар консервативті болғанымен, істің барынша ашық жүргізілуін қалайды, серіктестердің арасындағы сенімге көңіл аударады. Ислам инвесторларының Батыс компаниялары акцияларына қаржы салуы, жылжымайтын мүлікке инвестиция тартуы – солардың тәуекел тұрғысынан ашық әрі түсінікті болуынан. Ғаламдық ислам экономикалық форумында Ұлыбританияның сол кездегі ханзадасы Чарльздің және сол кездегі премьері Дж.Камеронның ислам инвесторларына Лондонның инфрақұрылымына құйған ауқымды инвестициясы үшін алғыс айтқаны есімде. Бұл арада айтпағым, инвестициялар сәтті сауда мәмілелерінің соңынан ғана еріп жүреді. Біздің отандық инвестклимат осындай жайттарға көңіл аударғаны дұрыс.

Бұл саланың біздің нарықта дамымай жатқанына демография әсер етуі мүмкін бе?

- Бір жағынан, демографияның да әсері болуы мүмкін – өсімқорлыққа (Риба) тыйым салу дін жолындағылар үшін өте маңызды. Сол себепті де мұсылман қауымы үшін исламдық қаржыландыру қызметінің болуы міндетті. Дін жолындағы адамға ақшаның үстіне қосылған қосымша пайдаға үлес қосуға тыйым салынған. Тек рұқсат етілген сала бойынша тауар мен қызметті өндіріп, соны сату арасындағы маржаны ғана пайда ретінде алса болады. Бірақ, ислам қаржыландыруы тек мұсылман үшін деген сөз емес. Ашық бизнес жасайтын кез келген жан ислам қаржы институттарынан қаржы тарта алады. Біраз жылдан бері мен осы ислам жарғысы мен нормаларына негізделген институтты зайырлы қоғамда ислам деген атпен атамауды ұсынып жүрмін. Индустрияны ребрендинг жасаған ләзім. Мәселен, Түркияда мұндай институттар «қатысушы банктер» (katylim) деп аталады. АҚШ-та non-usury (non-Riba), яғни өсімқор емес банктер, Ұлыбританияда «баламалы қаржы» десе, Ресейде «серіктестік қаржыландыру», Мароккода «әлеуметтік» немесе «өсімқор емес банк» деп таниды. Ағылшындар баламалы қаржы институттарында ипотека да рәсімдейді.

Меніңше, Қазақстандағы ислам қаржыландыруының дамуына мұсылмандардың көп, не аз болуы емес, реттеуші органдардың ислам қаржыландыруы институттарына жергілікті ЕДБ үшін жасаған жағдайды жасай алмауы себеп болып отыр. Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда дін жолындағылардың саны көбірек болса да, ислам қаржыландыруы қатты дамып жатқан жоқ. Бірақ Қазақстанға қарағанда, оларда орнықты даму байқалады.

Сіздіңше, ислам қаржыландыруын дамыту үшін жауапты органдар нақты нені ескеруі керек?

- Жоғарыда айтқанымдай, билік, әсіресе, орталық реттеушілер ислам қаржыландыруының негізгі бағыты экономиканың қаржылық механизмінің ажырамас бөлігі екендігін түйсініп, бұл тұрғыда тиісті экожүйе түзіліп, қалыптасуын қолдағаны дұрыс. Сондай-ақ, ИҚ нарығына қатысушылар тек АХҚО аясында ғана емес, жалпы ҚР заңнамасына сай бірігіп, іс-шара жоспарын құрып, ол реттеушілер тарапынан мақұлдануы қажет. Мекемеаралық жұмыс тобы құрылып, ғаламдық ислам қаржыландыруы саласынан ауқымды инвестиция тартуды мақсат етіп көрсету керек.

Бұл саланы жүйелі түрде қолдаудың тағы бір мысалы, бүгінде екінші деңгейдегі банктерге қатысты қолданылып отырған қаржылық механизмдерге, айталық, мемлекеттік қолдауға ИҚ нарығындағы ойыншылар да үміт ете алуын ескерген дұрыс. Бұл тұрғыда Британ Достастығы елдері арасында ислам қаржыландыруын енгізудегі ағылшын құқығы пайдалы болуы мүмкін. Салықтық жоспарлау мен құрылымдауды да қайта қарастыруға болады. 2010–2011 жылдары салық комитеті исламдық қаржыландыруға қатысты біздің ұсыныстарымызды қабылдаған жоқ. Біз сол кезде: ислам институттары онсыз да нағыз сауда құралдары, егер оларға салық төлетсек, ол екі есе салыққа айналады, демек, қызмет құны қымбаттайды дедік. Егер салалық министрліктері ислам қаржыландыруына қатысты салықтық бейтараптықты ұстанғысы келсе, АХҚО-ның ағылшын заңы бойынша тәжірибесіне жүгінсе болады.

Әлбетте, бұған дейінгі қателіктерді қайталамау үшін бұл нарыққа қатысты терең анализ жасалу керек. Меніңше, еліміздегі қаржы нарығын реттеу органдары тек батыстың стратегиялық кеңесшілерімен ғана шектелмей, ИҚ нарығына катысушыларға да құлақ асса болады. Өз басым ел экономикасын дамытуда ИҚ нарығы да тиісті үлес қоса алады деген сенімдемін.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Еркин Татишев: про победу в конкурсе, январские события, образование и проблемы бизнеса

Смотреть на Youtube

Как Дамир Аманжолов боролся с мародерами и помогал раненым во время беспорядков в Алматы

Смотреть на Youtube

Раимбек Баталов – о молоке, кредитах и прозрачности

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить