Халық жақсы нышандар мен жақсылықтарды билік басындағы адамдардың өзгеруінен, жаңа лептің келуінен күтеді. Дұрыс-ақ. «Балық басынан шіриді» демекші, жаңа да әділетті қоғамға ұмтылған қозғалыстар билік басындағы адамдардың шынайы инициативасымен болмаса бәрі де бекер. Саяси, экономикалық реформалар сауатты жасалынып, жүзеге асса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз-ақ.
Алдыңғы сөйлемдегі «жүзеге асса» деген сөзге астарлы мән бергім келеді. Реформалардың шынымен орындалуына тек сауатты да әдемі жазылған, ресми бекітіліп қол қойылған құжаттар жеткіліксіз. Бұл дүниенің іске асуы премьер-министрден бастап ауылдағы қарапайым жұмысшыға дейін сын деп айтсам еш қателеспеспін деп ойлаймын.
Жоспарланған жұмыстың жасалуына септігін тигізетін бірінші фактор — сол дүниенің орындаушының дұрыс әрі толыққанды түсінуінде. Содан кейін барып жүзеге асыруға жеткілікті біліктілік пен білім әрі табандылық қажет. Осы сәтте адам сапасын анықтайтын «адами капитал» атты терминге тап боламыз. Бұл қазір әлемдік аренадағы барлық көшбасшылардың аузында, жаңаруға жауапты ұйымдар мен органдардың күн тәртібінде жүрген мәселе. Мемлекет басшысы да бұл жайында бірнеше рет өзінің ресми сөздерінде айтып өтті. Қазіргі таңдағы әлемдік экономикадағы ең басты ресурс — адам.
Досым Сәтбаев: Нұр кезеңінің саябағы
Британдық режиссер Гай Ричидің «Джентльмендер» фильмінде теріс бейнедегі ке... →
Ресурстың жарамды да сапалы болуы дегеніміз — адамдардың сапалы болуы. Қарапайым адами құндылықтардан бастау алып, білімділік пен біліктілікке жетелейтін жол тынбай табанды еңбек етуді талап етеді. Жаңаруды қалайтын жандардың әрқайсысы жақсылықты сырттан емес, іштен бастауды, яғни әркімнің өзінен бастауы қажет екенін жете ұғынуы қажет.
Құндылық сөзінің мәні мен мағынасын түсінеміз бе? Сіздің өз басыңыздың құндылықтары не? Адалдық, уақыт, туған тіліңіз, білім, біліктілік сынды сөздер сіз үшін жай дүние ме әлде сіз бұл заттардың өз бойыңызда болуына мүмкіндігінше үлес қосып, уақыт бөліп жүрсіз бе?
Сайып келгенде «күшті президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыру үшін де сапалы қоғам, көзі ашық әлеумет, білімді адамдар қажет. Бір күнде бәрі өзгеріп шыға келуі мүмкін емес, десе де бұл бағытты мықтап ұғынып, сол жаққа қарай нақты қадамдар жасасақ, қолға түспейтін дүние емес. Басшының меңзеген дүниесін биліктің үш тармағында да тізгін ұстаған азаматтар дұрыстап қолға алса, халық ұғынып бұл бағытқа бет бұрса нәтижелер болмақ.
Табиғи ресурстардан түскен қаржыны қомақтап құя бергеннен барлығы оңалып кетпейді. Қаржылай қолдау, әрине, керек. Дегенмен оны кәсіби игере алар мамандар қажет. Біз қазір жаңа мың мектеп саламыз деп жария жасайық. Ғимарат тұрғызылар, іші де техникамен жабдықталар, ал сол дүниені ары қарай сапалы ұқсата алар мамандарымыз дайын ба? Бұл үлкен сұрақ. Жоқ емес, бар, бірақ жеткіліксіз.
Әлемдік бәсекеге төтеп бере алар ұлт болғымыз келсе, халқымыздың «ұлт боламын десең бесігіңді түзе» даналығын мұқият есте ұстайық. Бала-бақша, мектеп, университет, ары қарай кәсіби білімді жетілдіруге бағытталған ұлттық идеология қажет, яғни бұған жауапты — мемлекетіміздің әрбір азаматы.
Ата-ана болып балаларымыздың тәрбиесіне де, біліміне де жоғары деңгейде көңіл бөлейік. Білім тек бақша мен мектеп қабырғасындағы берілген академиялық материалмен шектелмейді. Ата-ана талап қойып, көңіл бөлмесе, баланың балалығы орын алары сөзсіз. Абай атамыз: «Әуел бастан ғылымды өзі ізденіп таппайды, басында зорлықпен, ләки алдаумен үйір қыласың, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» деген. Осы нақылды ұстаз да, ата-анасы да мықтап ұстауы керек. Ғажайып ғаламаттар қарапайым заттардың қалтарысында болады. Елдің бүгінгі де, ертеңгі де байлығы — адами капитал. Ал осының барлығы әрқайсымыздың өз қолымызда.