На правах рекламы

Ләйлә Сұлтанқызы: Барлық отбасы бақытты болуға лайықты

20084

«Тиімді қайырымдылық» жобасы аясында, қайырылымдылықты кеңінен насихаттау мақсатында, осы бағытта жақсы жетістіктер мен көрсеткіштерге жеткен танымал медиа тұлға, Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Mаriyam» қорының негізін қалаушы Ләйлә Сұлтанқызымен сұхбат

Фото: архив пресс-службы

Ләйлә Сұлтанқызы жалпы қайырымдылық қорын ашу, қайырымдылық жұмыстармен айналысу неден бастау алды?

- Кез келген адам артқа қарап, болашаққа жоспар құратын кезде көп сұраққа жауап іздей бастайды. «Мен не істеп жүрмін?», «қоғамға қандай пайдам тиіп жатыр?», «қолымнан не келеді?», - деген сұрақтарға жауап беру арқылы өмірлік миссиясын табады. Осы тұста өзімнің басымнан өткен оқиғаммен бөліскім келіп тұр.

Соңғы 2-3 жыл көлемінде ЭКО орталықта қаралып, тексерістен өтіп жүрдім. Сонда сәби сүюді аңсап жүрген 20 жастағы жұптан 50-60 қа таяған жандарға дейін кезіктірдім. Менің жаныма қатты батқаны азаматтардың көз жасы. Олардың жылап тұрып Құдайдан жалбарынып бала сұрағандары. Содан ЭКОмед орталығының басшысы Салтанат Берденқызына «біз бір отбасыға көмектессек қалай болады?»,-деп ұсыныс тастадым. Ол кісі бірден қабыл алып, бір емес қазір бірнеше отбасыға көмектесуді бастап кеттік.

2022 жылы жора-жолдас, таныс-тамыр, әріптес-достардың қолдауымен басталған игі іс биыл да жалғасын тапты. Маған келе бастаған хаттардың легі көбеймесе азайған жоқ. Әр хатпен таныса отырып, расында бойымда үрей мен уайым пайда бола бастады. Біздің елімізде президенттің қолдауымен жүзеге асқан мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасы бар, бұл бағдарлама арқылы жыл сайын 7000-ға жуық келіншекке тегін ЭКО жасалады. Бірақ, гинетикалық ауытқулар, жас ерекшелігі, анализдердің дұрыс болмауынан, Антимюллер гормоны төмен болуынан, денсаулық жағдайына байланысты ол квотаға, бала сүюге мұқтаж кез келген отбасы іліге алмайды. Сондай жандарға көмектесуді көздедік. Бірі 5000 тг-сін аямаса, бірі 50 000 тг бергісі келді. Содан кейін, әріптестеріммен кеңесе келе қор аштық. Қорымыздың «Мариям» аталуының өз тарихы бар. Мариям – менің туған ағамның алтыншы баласы. Ағам дүниеден өткеннен кейін алты күннен соң туылған сіңлім. Қордың атын ағамның есімі жақсылықпен қатар жүрсін деп «Мариям» деп қойдым.

Mariyamfund.kz сайтына анкета толтырған әр келіншек өзінің және жолдасының барлық құжаттары мен соңғы өткен анализ нәтижелерін жүктейді. Сауалнама толтырып, бізге өтінім қалдырған әр адам өзі туралы дербес деректерді жинап, өңдеуге, фото және бейне түсірілімге рұқсат беретінін алдын ала ескереді. Айына бір рет қамқоршылық кеңестің отырысында қор сайтына келген хаттарды оқып, пациенттердің диагнозымен танысып, ақылдасып, бағыт-бағдар береміз, ортақ шешім қабылдаймыз.

Фото: архив пресс-службы

Сонымен қатар әр жұма сайын әлеуметтік желідегі парақшамда сайтқа келген хаттармен оқырмандарымды таныстырып отырамын. Оған қоса, «Жібек жолы» арнасынан көрсетілетін «Ана болғым келеді» хабарының пациенттерінің жағдайы, жаңалықтарымен де өзгеге мотивация болсын, пайдалы ақпарат алсын деп жиі бөлісемін. Қоғамда бала сүйе алмай жүрген отбасылар бұл мәселенің шешімі бар екенін біздің қыз-келіншектер арқылы білсе екен деймін. Қазіргі таңда қордың есебінен тегін ЭКҰ жасалатын алты пациент бар. Әрқайсының диагнозы да, отбасылық жағдайы да, мамандықтары да әртүрлі. Мұғалім, кітапханашы, есепші, менеджер, қарапайым кеңсе қызметкері де бар…

Қордың қамқорындағы тағдырлар

Мәселен, үйленгендеріне 23 жыл болған Бақытжан мен Фарида екі рет ұлды болған. Тұңғышы жаңа туған кезінде шетінеп кетсе, екінші ұлы өкінішке қарай 19 жасында онкология салдарынан көз жұмды. «Әулеттің үлкені немересін бір иіскеп кетсе екен» деген хатты оқып, анализдерін көрген кезде шыны керек біз шыдай алмай, ЭКО орталыққа бірден шақырдық. Қазір Фарида дәрігерлерлің бақылауында.

Осы уақытқа дейін біз ЭКҰ жасаған әр пациенттің өмірімен таныспын, әр хат менің есімде. «2022-тегін ЭКО» жобасының арқасында дүниеге келген Зере, Алмас, Сұлтан, Мирастың ата-аналарымен байланыстамыз. Сәбилердің алды Зере есімді оралдық қызымызға жеті ай болды. Ең алғаш бөпені көргендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бойымды бір қуаныш биледі. Ол сол отбасының ғана бақыты емес, бұл тұтастай бір әулеттің бақыты!

Фото: архив пресс-службы

Біз көмектескен өскемендік жұптардың бірі Нұргүл мен жары Медет екеуінің де көздері нашар көреді. Олар тоғыз жыл бойы сәби күткен. Сол уақыт аралығында несие алып жасалған бірнеше ЭКҰның бәрі сәтсіз болған. Қазір Сұлтан есімді батырдың ата-анасы. Келесі отбасы да Өскемендікі. Қарапайым кітапханашының отбасы. Отасқандарына он екі жыл болған. Келіншектің есімі Бұлбұл. Мен оған «жылауық Бұлбұл» деп ат қойдым (күледі). Себебі менің алдыма келіп танысқан сәттен бастап, жылай берді, жылай берді. «Ләйлә ханым, түсінесіз бе, мен осындай алтын жігітке қалай алтын бала туып бермеймін?», - деп жиі көзіне жас алатын. Бұл сөздерді естіп, сондай ұлы махабатты көріп мен қосыла жылайтын едім. Олар сол кезде «егер дүниеге қыз бала әкелсем есімін Ләйлә, ұл бала келсе, Алмаз Құрманәліұлының құрметіне қоямын», - деп айтқан еді. Адамдар бала үшін барлығына да шыдап, соңына дейін күреседі және жеңеді! Бұл күрестегі ең бастысы – махаббат және сенім. Жылауық Бұлбұл мен оның жұбайының қазір Алмаз деген ұлы бар, Шүкір.

Тағы бір пациентіміздің тарихымен бөлісейін. Бұл бір ғажайып жағдай десем де болады. Зарина жасы қырықтан асқан келіншек. Барлық қажет құжаттарын тапсырды. Бір телефон соққанында: «Мен жақын күндері ажырасуға барамын. Себебі жолдасымның обалына қалғым келмейді. Шаңырықтағы жалғыз бала еді. Басқа отбасын құрып, ұрпақ сүйсін», - деді. Қамқоршылық кеңестің келесі бір отырысында оны дәрігер-репродуктологтар таңдағанда менің қуанғанымды көрсеңіздер ғой. Мүмкін отбасын сақтап қалармыз деген жүректе бір үміт пайда болды. Келді. УДЗ кабинетіне апарып, тексерістен өткен келіншектің организімі дәл сол сәтте ЭКҰ жасауға 100 пайыз дайын екендігін көрген дәрігерлер таң қалды. Себебі әр пациентті біз әдетте бірнеше ай дайындаймыз. Сөйтіп, аз уақыт ішінде эмбрион тасымалданып, екі аптадан соң ХГЧ-сы (жүктіліктің басталу фактісін растауға көмектесетін гормон) көтеріліп, жүктілігі расталды.

Бізге келген хат иелерінің арасында мемлекеттік квотаға іліге алатындар жандар көп. Оларды сол квотаға ілігу үшін құжат жинауға көмектесіп, барынша бағыттап жатырмыз. Бүгінде сондай оншақты пациентіміз бар.

Фото: архив пресс-службы

Қайырымдылық Қордың жанашырлары кімдер?

- Осы сұхбатты пайдалана отырып, қордың жанашырларына, қолдаған оқырмандарыма, демеушілерге, «Жібек жолы» арнасына алғыс айтқым келеді. Олардың арасында менің құрбыларым, достарым да бар. Әрқайсысы бір-бір отбасыға көмек қолын созып жатыр. Себебі осы уақытқа дейін қор арқылы келіп түскен қаражат тек екі-үш пациентке көмектесуге жетті. Ал, бұл азаматтар арқылы біз тағы да қосымша бірнеше отбасыға көмек көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Ал әр жұпқа ЭКО орталығында кемінде екі миллион теңге қаражат жұмсалады. Қордың алға басқан қадамдарын ескерсек, жоспарымызда бір жыл ішінде жиырмаға жуық жанұяға бақыт сыйлау мүмкіндігі бар деп санаймын. Қазіргі таңда он бір пациентімізбен белсенді жұмыс істеудеміз:

• үшеуі осы тамыз айында жоспарлы ем-дом шараларын бастады.

• үш пациентіміздің аяғы ауыр

• бес пациентімізге үшінші, төртінші рет эмбрион қайта тасымалданады.   

Бұл тұста ЭКОмед орталығына алғысым шексіз. «Mariyam» қоры арқылы келген пациенттердің қосымша ем-домы мен отасы тегін жасалды. ЭКО мәселесін жетік білетін мамандарды қамқоршылық кеңеске тартуда «ЭКОмед» орталығы тағы үлкен үлес қосты.

Тағы айтар сөзім...

- Репродруктологтардың кеңесі: жасыңыз 30-дан аса тұрмысқа шықсаңыз, жарты жылдан кейін, ал 20 жастан аса тұрмыс құрып, 1 жылдың ішінде бала көтере алмасаңыз репродуктологқа қаралған дұрыс.

- Он сегізге толған әр қыз медицина орталықтарынан чек-ап өту мәдениетін қалыптастырса екен.

- Жігіттер де тексеріліп, өз ұрығының қуатының төмен екендігін білген жағдайда, уақытылы қаралуы ұят емес.

Қайырымдылықтық қайыры бар әрине, алайда қайырымдылық жалпы масылдыққа әкелмей ме?

- Көп жағдайда, біздің қыз-келіншектерге көмектескісі келетін жандар өздері хабарласады. Олардың әрқайсысымен өзім жеке танысамын. Сондай жанашыр жанның бірі – Ақтөбеден келген жап-жас келіншек болды. Қолында бөпесі бар және екіншісіне аяғы ауыр екен. Сондағы мақсаты – бала сүйгісі келген отбасына бақыт сыйлау еді. Келесі тік мінезді, сөзінде тұратын, мысы басым бір ер азамат көмектесуге келді. «Кімге көмек беремін және ол қаржылай көмек қалай жүзеге асырылады», - деп қана сұрады. Біз бәрін түсіндірдік. Бірден артық сөзсіз қаражатты жіберді. Тағы бір Нұрсәуле есімді оқырманым бір-ақ рет телефон соғып, бірден ЭКО орталыққа қаржы аударды да жоғалып кетті. Сол бір телефон хабары арқылы Нұрсәуледен «неге біздің пациенттерімізге көмек көрсетуді жөн көрдіңіз?», - деп сұрап үлгердім. Сонда айтқаны: «Кезінде әкем ауырып, оның дертінің дәрісін ай сайын Үндістанға барып, алып келетін едім. Бір дәрі үшін шетелге барудан қатты шаршадым. Шаршағаным, қажығаным соншалық, қолды бір сілтеп қойып, несие алдым да сол дәрілік препаратты елімізге оңай жеткізілу жолын бір жүйеге келтірдім. Міне, бүгінгі күні басқа да отбасыға көмектесу қолымнан келгеннен соң хабарластым», - деді. Қол ұшын созған жандардың ішінде елімізге танымал тұлғалар да өте көп.

Фото: архив пресс-службы

Қайырымдылықтың жария түрі, жасырын түрі болады. Жалпы жолдасыммен біраз ізгі іске араласып, қол ұшын созсақ та оны жарияламайтын едік ешқашан. Бұл менің ашық түрде көпке көмектесіп жатқан алғашқы жобам. Елімізде бақытты отбасылар саны көп болса екен.

Көпшіліктің де қайырымдылық масылдықты туындатпайды ма деген сауалдары да бар, бұл да бір мәселе, алайда көмек қолын созып, қаражаты мен көңілін, уақытын мен күш жігерін қайырымды іске жұмсайтын адам ең бастысы өз ісінің нәтижелі болуын қалайды. Жақсылықтың жаманы жоқ.

Сұхбат алушы «Бас редакторлар клубы» хатшысы, медиаменеджер Бибігүл Құламан

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Жумабек Жаныкулов: деловые связи, месторождения, заводы

Смотреть на Youtube

Маргулан Сейсембаев про собственный бизнес, стратегию инвестирования и институте репутации

Смотреть на Youtube

Нуртас Адамбай: ислам - решение всех проблем?

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить