IT саласында әйелдердің саны неге аз?

37173

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының 2022 жылғы статистикасына сәйкес, бүгінде отандық IT нарығындағы әрбір 10 адамның үшеуі ғана әйел

Иллюстрация: © pixabay.com/chenspec

ІТ нарығында әйелдердің үлесі неге аз, ІТ технологиялар әйелдерді қызықтырмай ма әлде бұл тұрғыда қандай да бір кедергілер бар ма?

Forbes.kz IT саласында біраз жылдық тәжірибесі бар қыз-келіншектерді әңгімеге тартып, осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеді.

«Информатикадан әйел сабақ бергенді қайдан көрдің?»

Жанаргүл Оңдасынқызы Абдрахманова.  IT саласында 26 жылдық тәжірибесі бар маман. Қазіргі таңда «НИТ» АҚ ІТ архитекторы және «ГТС» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 1997 жылы басталған карьералық жолында «KazTransOil», «M-Company», «KazInSert» секілді ірі компанияларда, ҚР Бас прокуратурасында жұмыс істеген. Кішкентайынан компьютермен жұмыс істеуге қызыққан Жанаргүл Оңдасынқызы, кейін Информатика пәнінің мұғалімі болған. 

Жанаргүл Абдрахманова, ІТ маманы
Жанаргүл Абдрахманова, ІТ маманы

«Сол кезде басшылық тарапынан «Информатикадан әйел сабақ бергенін қайдан көрдің?» деген кемсітушілік те болды, - деп еске алады Жанаргүл Оңдасынқызы. – Дегенмен, бұл саладан бас тартқан жоқпын. 2012–2016 жылдары тұрақты түрде Қазақстан Республикасындағы ақпараттық қауіпсіздікті дамыту конференциясын ұйымдастырдым. Біліктілігім мен көп жылдық тәжірибемнің арқасында атқарушы директор болып тағайындалдым».

Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бойынша бірінші сарапшы-аудитор болған Жанаргүл Оңдасынқызы отандық IT нарығында әйелдер саны аз деген статистикамен келіседі. 26 жылдық еңбек жолында тек бір әйел бастығы болғанын да мысал етеді.

«Жұмыс істей жүріп, төрт баланы дүниеге әкелдім. Бірақ декретте толық отырған жоқпын, бірден жұмысқа шығып кететінмін. Мойындау керек, бізде IT саласында әйелдердің үлесі аз. Дегенмен, қазір Қазақстанға білімді IT мамандар өте қажет және бүгін бізде қыз-келіншектердің бұл салада жұмыс істеп, көтерілуіне ешқандай кедергі жоқ», - дейді ІТ саласының білікті маманы.

Инфографика Datawrapper платформасында әзірленді. 
Дерек көзі: Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
Инфографика Datawrapper платформасында әзірленді. Дерек көзі: Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
Фото: ©

Осы арада айта кетсек, «Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» атты ұлттық баяндамасындағы деректерге сүйенсек, елімізде жалпы еңбек нарығы бойынша әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда 36%-ға төмен екенін байқауға болады.

Инфографика Datawrapper платформасында әзірленді.
Дерек көзі: Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
Инфографика Datawrapper платформасында әзірленді. Дерек көзі: Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.

«Қысым көріп, ерлерден төмен жалақы алған кезім болған жоқ»

Ким Ульяна Яковлевна. ІТ саласында 23 жылдай еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Екі бірдей жоғары білімі бар Ульяна қаржы саласында да жұмыс істеген. Кейін IT мамандардың сұранысқа ие екенін түсініп, осы салаға қарай бет бұрған. QazCloud компаниясының Ақпараттық жүйелерді басқару департаментінің директоры.

Ульяна Ким, ІТ маманы
Ульяна Ким, ІТ маманы

«Иә, статистика бойынша IT саласындағы қыздардың саны аздау да шығар. Бірақ бұл осы салада ерлер мен әйелдердің арасында дискриминация бар деген сөз емес. Еңбек жолымда әйел болғаным үшін қысым көріп, ерлерден төмен жалақы алған кезім болған жоқ. Жұмыс тәжірибем мен білімімнің арқасында карьералық жолмен өсіп келемін. Біздің компания гендерік теңдік дегенге ерекше мән береді. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға араласып, IT нарығындағы әйелдерді қолдайтын ұйымдарға да мүшемін», - деп пікір қосады ІТ маманы Ульяна Ким.

Айтпақшы, Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректері бойынша, жыл сайын елімізде Ақпараттық және технологиялық коммуникациялар (АКТ) саласы 30 мыңға жуық маманды қажет етеді. Ал HeadHunter Қазақстан компаниясының дерегі бойынша, елімізде IT-мамандарға деген сұраныс 2021 жылы 52%-ға өскен.

Инфографика Datawrapper платформасында әзірленді.
Дерек көзі: HeadHunter.
Инфографика Datawrapper платформасында әзірленді. Дерек көзі: HeadHunter.

«Кел, ханшайым, отыра ғой» деп, ешкім орнын бере салмайды»

Сабина Байжан SDU университетінің 2020 жылғы түлегі. Үшінші курста студент болып жүріп-ақ жұмысқа кіріскен. Әуелі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ұйымдастырған «Цифрлық жаз» бағдарламасының іріктеуінен өтіп, практикаға қабылданады. Кейін QazCloud компаниясында тағылымгер бола жүріп, жоба менеджеріне дейін көтеріледі. Қазіргі таңда CyberLabs компаниясында киберқауіпсіздік бойынша жоба жүргізеді. Орталық Азиядағы «Technowomen» қауымдастығының мүшесі.

Сабина Байжан, ІТ маманы
Сабина Байжан, ІТ маманы

«Тобымда 9 ер адам, 2 қыз бала жұмыс істейді. Рас, бізде қыздар жағы аздау, бірақ бұл дискриминацияны білдірмейді. Компания тең құқық принципін ұстанып, әр қызметкердің пікіріне мән береді. Мысалы, мен бір жоба не бөлім басшысы болуды қаласам, маған ешкім «жоқ, болмайсың» деп кедергі келтірмейді немесе «кел, ханшайым, отыра ғой» деп, орнын бере салмайды. Бұл тұрғыда алдымен өзіңнің нақты мақсатыңды анықтап, жоспар құрып, жол картаңды сызып алу маңызды. Әр мамандықтың биігіне шығу үшін шыдамдылық пен төзімділікке негізделген стратегиялық нақты қадамдар керек. Мен әйелдерге нақты қадам жасап, білімін көрсетуден және тәжірибемен бөлісіп, жауапкершілік жүтеуден қорықпауға кеңес беремін», - дейді Сабина Байжан. 

Ол, сондай-ақ: «Қазір ақпараттық технологияларда әйелдерді қолдайтын көптеген ұйымдар мен жобалар бар. Солардың бірі «Technowomen» қауымдастығы. Осындай қауымдастықтардың арқасында өзінің стартап жобаларын жасап, түрлі байқауларға қатысып, карьерасын бастап жатқан көптеген құрбыларым бар. Әйел болсын, ер болсын – өсіп, шыңдаламын деген адамға барлық мүмкіндік жасалған. Тек айқын мақсат керек», - деп қосады.

«Бізге қазір білікті әріптестер керек»

Перизат Берікқазы 2021 жылы AlmaU университетінде менеджмент мамандығы бойынша бакалаврды аяқтап, артынша магистратурада жобаларды басқару бойынша білім алды. Бастапқыда  IT маманы болуды армандамаған ол, түрлі шараларға қатысып жүріп, IT жобаларды басқаруға қызыға бастайды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ өткізген «Цифрлық жаз» бағдарламасында тағылымнан өтіп, ТОП-50 студенттің қатарына кіреді. Қазір QazCloud компаниясында ақпараттық қауіпсіздік бойынша жоба менеджері.

Перизат Берікқызы, ІТ маманы
Перизат Берікқазы, ІТ маманы

«IT саласында қыз-келіншектермен салыстырғанда ер адамдардың саны көптеу. Қалай дегенмен, IT – Қазақстанда жаңадан дамып келе жатқан сала. Оның сыртында, 2000 жылдары Қазақстан мен ТМД елдерінде, тіпті халықаралық ортада да «Жаратылыстану, инженерия ғылымдарына әйелдер қызықпайды» деген стереотип болған және бұл көзқарас біраз жылдар бойы өзіндік нормаға айналған. Содан да қыздар жағы мұғалім не медбике мамандықтарын таңдаған», - деп есептейді Перизат Берікқазы.

Оның айтуынша, сол жылдары жоғары оқу орындарында ІТ мамандығын таңдаған қыздардың саны аз болған, содан да қазір бұл саладағы жігіттердің саны көптеу.

«Сәйкесінше ІТ нарығындағы жігіттердің тәжірибесі де жоғары. Осыны ескерсек, қазір ІТ саласындағы басшылық орындарда ерлердің көбірек отыруы логикаға сай. Ал егер ІТ нарығындағы, шамамен, 27 жасқа дейінгі жастарды алып қарасақ, мұнда қыздар мен ұлдардың үлесінде аса бір айырмашылық жоқ. Мысалы, біздің компанияда бір бөлімде түгелдей қыздар жұмыс істейді. Алдыңғы жұмыс орнымда да бір ғана жігіт, қалғанымыз қыздар болдық. Бұл тенденция уақыт өте өзгеріп келеді.

Негізі, IT десе тек компьютердің алдында код жазып отыратын адамдар елестейді. Жоқ. IT өзі бірнеше салаға бөлінеді. Бізде әзірлеуші де, дизайнер де, жоба менеджерлері мен қаржыгерлер де бар. Соған сәйкес әркімнің атқаратын жұмысы да әртүрлі. Мысалы, өңдеу орталығы бөліміндегі инженерлер үлкен бағана, тіреулерді көтеріп, жөндеу жұмыстарын жасайды. Әрине, бұл қыз-келіншектерді қабылдамайды деген сөз емес. Бірақ мұндай физикалық қара күшті талап ететін жұмысқа жігіттерді алудың өзіндік мәні бар. Қазір біздің елде ІТ саласы қарқынды дамып келеді. Бізге ұл болса да, қыз болса да білікті әріптестер керек. Бұл мамандыққа қызыққан адамдарға мүмкіндік көп деп айта аламын», - дейді ІТ саласының жас маманы Перизат Берікқазы.

IT нарығында он адамның үшеуі ғана басшы бола алады

Гендерлік экономика зерттеушісі, заңгер Айкерім Құсайынқызының сараптамалық талдауына сүйенсек,  IT саласында басшылықта отырған әйелдердің саны ер адамдарға қарағанда 66%-ға аз. 

Айкерім Құсайынқызы, зерттеуші, заңгер
Айкерім Құсайынқызы, зерттеуші, заңгер

«Әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздік себептері жастық шақта қалыптасқан нормалардан, қоғам шығарған стереотиптерден, құндылықтардан туындайды. Технологиялық сектордағы гендерлік теңдікке кедергілер ерте жастан-ақ пайда болады. Мысалы, қыздар мұғалім немесе медбике болу керек деген көзқарас, ұстанымдар аясында. Технологиялық мамандықтарда, IT саласында Role model деген атымен жоқ, бірақ оны мектептегі қыз бала білмеуі мүмкін, яғни ол өзі осы мамандықты игеріп, карьера құра алатынынан хабарсыз болуы мүмкін», - дейді зерттеуші Айкерім Құсайынқызы.

Forbes.kz зерттеуші маманнан «IT саласында қыз-келіншектердің жұмыс істеуі, басшылықта отыруы несімен маңызды?» деп сұрады.

«Бұл салаға қыз балалардың көптеп келуі, біріншіден, IT білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және жеке қауіпсіздік сынды әртүрлі салалардағы әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, IT әйелдерге экономикалық өсу мен әлеуметтік прогрестің негізгі факторлары – цифрлық экономика мен инновацияларға қатысуға көмектеседі. Үшіншіден, IT әйелдердің дауысы мен барлық деңгейдегі шешім қабылдауға әсерін күшейту арқылы қоғамдағы гендерлік теңдік пен әділеттілікке ықпал ете алады», - дейді гендерлік экономика зерттеушісі, заңгер Айкерім Құсайынқызы.

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен өздерінің рұқсатымен алынды

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Еркин Татишев: про победу в конкурсе, январские события, образование и проблемы бизнеса

Смотреть на Youtube

Что будет с банком Bereke?

Смотреть на Youtube

Данияр Алшинов: путь в мировое кино

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить