Қазақстан жастарының NEET санатына көптеп ілігуіне не себеп?

14831

2023 жылдың ІІ тоқсанындағы жағдайға сәйкес Қазақстанда 15 пен 34 жастағы NEET санатындағы жастар саны 401 584 адамды құрайды. Мұндай деректі аталған мәселені түпкілікті зерттеп жүрген отандық сарапшы мамандар айтып отыр

Фото: unsplash/hajran-pambudi

NEET – not in Education, Employment or Training: ағылшын тілінен аударғанда «білімі, жұмысы немесе кәсіптік даярлығы жоқ» деген мағынаны білдіреді, әдетте жастарға қатысты айтылады. Кейде бұл санаттағы жастарды «Ни-Ни буыны» деп те атайды (испанша ni estudia, ni trabaja).

Қазақстанда «уақытша тұрақсыз жастар» ұғымы заң жүзінде 2022 жылы бекітілді. NEET құбылысын Қазақстанда зерттеуге алып, аталған мәселені түпкілікті талдап жүрген отандық сарапшылардың айтуынша, бұл санаттағы жастар деструктвиті топтардың оңай олжасына айналуы әбден мүмкін, егер әрине, мемлекет, қоғам болып, тиісті шара қолданбасақ.

Әлеуметтанушы, Eurasian center for people management орталығының жоба жетекшісі Айман Жүсіпова алға тартқан деректерге сүйенсек, 2023 жылдың ІІ тоқсанында Қазақстандағы NEET санатындағы жастардың саны 401 584 адамға жеткен. Салыстыру үшін мысал етсек: ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2023 жылдың 1 тамызында Ұлытау облысындағы халық саны 221,6 мың адамды, Солтүстік Қазақстан облысындағы халық саны 532,2 мың адамды құраған. Яғни, еліміздегі «уақытша жұмыссыз жастардың» саны тұтас бір облыс халқынан асып түседі, не, тіпті, екі орап әкетеді деуге жақын.

Сипаттаманы нақтылау қажет

Сарапшы Айман Жүсіпованың айтуынша, бүгінде NEET санатындағы жастарға уақытша жұмыссыз, білімсіз жүрген, яғни мемлекет ішіндегі жұмыспен және біліммен қамту салаларынан тыс қалған белгілі бір жас аралығындағы жастар жатқызылады.

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова
Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова
Фото: жеке архив

Дегенмен, NEET ұғымын толыққанды анықтаудың халықаралық бірыңғай стандарты туралы ортақ пікір жоқ секілді. Тіпті, бұл санаттағы жастардың жас шамасын анықтау тұрғысында да әртүрлі сипаттама беріліп жүр.

«Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының өзі қазір NEET ұғымы бойынша оннан астам анықтама бар деп отыр. Мұндай жағдай бізге де тән. Біз «NEET жастарының үлесі» көрсеткішін қалыптастыру үшін әдіснамалық негіз ретінде ХЕҰ құжатына сүйенеміз, оған сәйкес бұл санатта 15 пен 28 жас аралығындағы жастар есепке алынады. Есептеуді ҚР СЖРА ҰСБ жүргізеді», - деп түсіндіреді Айман Жүсіпова.

Ал NEET жастары санатын зерттеуші Динара Алимханова болса, бұл санаттағы жастардың жасын төртке бөліп қарастырған дұрыс деп отыр.

«Әлеуметтік тәжірибе бойынша NEET санатына 15–34 жастағы жастар кіреді. Олар жасына қарай төрт топқа бөлінеді: 15–19, 20–24, 25–29 және 30–34 деп. 2000 жылға дейін NEET жастарына әр елде әртүрлі сипат берілді. ХЕҰ бұл санатқа «соңғы төрт аптада ешқайда жұмыс істемеген, оқуға бармаған немесе кәсіби дамудан өтпеген жастар» деп баға берді», - дейді ол.

Зерттеушінің айтуынша, 1990-шы жылдары Британияда сабаққа құлшынысы жоқ 16–18 жастағы жастар мен мектептен кейін жоғары білім алуға талпынбайтын жастар саны көбейіп кетіп, бұл құбылысты шұғыл зерттеу қажеттілігі туындаған. NEET термині де сол кезде қолданысқа түскен.

«Еуропаның бірқатар елдерінде 16–18 және 16–24 жас аралығындағы жастарға көп көңіл бөледі. Себебі дәл осы жаста мектеп пен оқу орындарын бітірген жастар жұмысқа орналаса бастайды, ал бұл мемлекет үшін маңызды процесс. Әрине, бұл санаттағы жастарды анықтауда әр елдің өз сипаттауы, өз контексті болуы мүмкін. Мысалға Жапонияда үйленбеген, жұмыс істемейтін ер адамдарды NEET санатына қоспайды: бұл елде оларға тарихта хикикмори деген атау берген. Қазақстанда бұл санатты есептеп, анықтау үшін 15–24 және 15–28 жастағы жастар арасында мониторинг жүргізіледі. Біздің елде бұл санаттағы жастар «жұмыссыз» және «белсенді емес» деп сипатталады», - дейді Динара Алимханова.

Өз кезегінде әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың айтуынша, еуропалық зерттеушілердің бірқатары NEET санатына жұмыссыз және экономикалық тұрғыда белсенді емес жастарды ғана жатқызу – бұл топтың сипатын толыққанды ашып бермейді деп есептейді.

«Еуропалық зерттеушілердің бірқатары «жұмыс іздеуден саналы түрде бас тартқан, шарасыз жастар тобы ғана NEET жастарды анықтау критерийлеріне арқау бола алады» деген пікірде. Яғни, бұл санаттағы жастарды анықтауда біз де отандық тәсілдерді барынша нақтылап, белгілеуіміз қажет. Сонда біз нақты қай санаттағы, неше жастағы, қандай қажеттілігі бар жастармен жұмыс істеу керек және бұл санаттың әр тобы үшін нақты қандай шара қолдану керек деген сұрақтардың жауабын аламыз. Былайша айқанда, біз үшін қазір NEET санатындағы жастар тобын нақтылау қажеттілігі барынша өзекті», - дейді әлеуметтанушы маман.

Ықпал етуші факторлар...

NEET санатындағы жастардың қалыптасып, ұлғаюына тек әлеуметтік-экономикалық факторлар ғана ықпал етіп отыр ма? Жалпы, бұл құбылыстың ел үшін, қоғам үшін тәуекел тұстар қандай?

Зерттеуші Динара Алимханова
Зерттеуші Динара Алимханова
Фото: жеке архив

«Қоғамда NEET жастарының пайда болуына микро, мезо, макро деген үш фактор әсер етеді. Микрофакторға сол жастың жасы, жынысы, өзінің және ата-анасының білім деңгейі, тұратын жері ықпал етеді», - деп жауап берді бұл сұраққа зерттеуші Динара Әлімханова.

Оның айтуынша, әйел адамдардың NEET санатына қосылу ықтималдығы екі есе жоғары. Өйткені, 25–29 жас аралығында олар көбіне бала күтімімен, яғни жұмыс істемей үйде отырады.

Ал мезофакторға сарапшы маман орта мектептегі білім сапасы мен ұстаздардың кәсіби деңгейін, дұрысын айтқанда, кәсіби деңгейінің төмен болуын, сондай-ақ ата-ананың баласына көңіл бөлмеуін жатқызады: «Баласы мектеп қабырғасында жүргенде ата-аналардың бірқатары мектеппен тығыз байланыс орнатуды қажет санамайды. Айталық, мектепте балаға қатысты проблема туындап жатса, оны қатардағы жағдай деп қарап, мәселені шешуге көңіл бөлмейді».

NEET жастардың пайда болуына ықпал етуші макрофакторды Динара Әлімханова «мемлекеттік қолдаушы тетіктердің жетіспеуі және ықпалды механизмдердің болмауы» деп түсіндіреді. «Аталған топқа қатысты зертеу жүргізгенде көз жеткізгенім, бізде жастарды дамытуға арналған орталықтар өте аз. Бұл кешенді түрде шешілуі тиіс мәселе. Жалпы, жастар жобасын атүсті жасауға болмайды», - деп қосады сарапшы маман.

NEET санатындағы жастардың қалыптасып, ұлғаюына ықпал етуші факторлардың ішіндегі «отбасылық әсерді» әлеуметтанушы Айман Жүсіпова да мысал етеді.

«Ата-ананың ықпалы бар, әрине. Айталық, олар баласының мамандық таңдау ұстанымына немқұрайлы қарауы мүмкін. Кейде, тіпті, баласының талпынысы мен таңдауын есепке алмай, өз көкейіндегі беделді дейтін мамандықты таңдап береді. Сөйтіп, келешекте баласының оқуға деген қызығушылығына балта шабады.

Сол сияқты, жастардың жұмысқа орналасуындағы объективті проблемалар да бұл топтың ұлғаюына ықпал етуші факторлар қатарында. Мысалға, жастарға ұсынылатын жалақының аздығы, олардан жұмыс тәжірибесінің талап етілуі. Ел ішіндегі білім деңгейі де жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие болмауына ықпал етуші негізгі фактордың бірі.

Сонымен қатар, мен бүгінгі Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени көзқарастарды да есепке алар едім. Қай кезеңде болмасын адам баласы үшін бұл өмірде өз орнын тауып, өз болмысына, ұстанымына сай құндылықтарды қалыптастыру, өзінің адам ретінде және кәсіби маман ретінде дамып, шыңдалуын жолға қою өте маңызды: өзі үшін де, ел үшін де. Ал бұл тұрғыдағы бағыт-бағдар алдымен отбасынан бастау алуы тиіс. Меніңше, қазіргі қазақстандық заманауи отбасыларда аға ұрпақ жас буынға, яғни балалары мен немерелеріне осы тұрғыда дұрыс тәлім-тәрбие беріп отырған жоқ.

Әлбетте, NEET санатындағы жастардың пайда болып, ұлғаюына жастардың бүгінгі құндылық ұстанымдары, өз таңдаулары да ықпал етуде. Біздің жастар қазір «мүмкіндігіңе қарай көсілу» дегенмен келіспейді, олардың арасында «жеңіл ақшаға табыну» белең алған. Ал адал еңбекпен табыс табу деген ұғым, өікінішке қарай, уақыт өткен сайын құнсызданып барады», - дейді Айман Жүсіпова.

Айтпақшы, 2022 жылдың ақпан айында Jastar ғылыми-зерттеу орталығы жария еткен «Қазақстандағы NEET жастардың әлеуметтік ұстанымдары» атты зерттеуге сілтеме жасаған Ranking.kz биыл наурыздағы шолуында еліміздегі NEET санатындағы жастардың әлеуметтік портретін былайша көрсетті:

Инфографика: Ranking.kz

Өз кезегінде әлеуметтанушы Айман Жүсіпова, NEET санатындағы жастар санын ұдайы қадағалап, бұл топтың қалыптасып, ұлғаюына ықпал етуші факторларға баға беру әрқашан маңызды дегенді де еске салады.

«Жастардың NEET санатына көптеп ілігуінің әлеуметтік салдарын есепке алмауға болмайды. Бұл салдарларды кейде, тіпті, осы топтағы жастардың өзі де байқамай қалуы мүмкін. Адамның бойында күнделікті еңбек етуге деген әдет-дағдының болмауы, оның әлеуметтік ортадан тыс қалуы – шынында да қауіпті құбылыс. Әдетте, NEET жастары әлеуметтік тәртіп-ережелерді дұрыс түсінбейді, сондықтан да олар сыртқы мүдделі тараптардың ықпалына өте сезімтал келеді. Былайша айтқанда, бұл санаттағы жастар деструктивті күштер үшін оңа олжаға айналуы әбден мүмкін», - деп түйіндейді өз ойын әлеуметтанушы маман.

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Как открыть автосервис: ключевые шаги»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Ержан Есимханов — о январских событиях, коррупции и неравенстве

Смотреть на Youtube

Декларирование: ответы на вопросы

Смотреть на Youtube

Что не так с национальной политикой Казахстана?

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить